Илия Топурия Ақ үйде өтетін UFC турнирінің басты жекпе-жегінде Джастин Гэтжиге қарсы жеңіл салмақтың чемпиондық белбеуі үшін айқасады. Алайда UFC президенті Дана Уайт бұған дейін тараған Топурия бастапқыда Ислам Махачевпен төбелесуі керек еді деген ақпаратты жоққа шығарды.
Сенбі күні UFC 326 турнирінде Ақ үйдегі кард толық жарияланғаннан кейін, әлеуметтік желілерде ұйым бастапқыда жоспарлаған жекпе-жектер туралы түрлі қауесеттер тарай бастады. Ең көп айтылған болжам — Ислам Махачев пен Илия Топурия арасындағы айқас болатын. Бірақ Дана Уайт жексенбі күні өткен Zuffa Boxing 4 турнирінен кейінгі баспасөз мәслихатында бұл ақпаратты нақты түрде теріске шығарды.
Дана Уайт:
«Бұл қате ақпарат. Бірақ бір нәрсе рас - Джастин Гэтжи бастапқыда кардта болмады. Ешқашан Ислам мен Топурияның жекпе-жегі жоспарланбаған. Қандай айқастар жасалып жатқанын ойлап бастарыңызды қатырмаңыздар. Біз ресми түрде жариялаған жекпе-жектер ғана өтеді. Мен айтқандай, бұл жерде біртүрлі жағдайлар болды».
Уайттың айтуынша, Ақ үй турниріне жоспарланған бір жекпе-жек соңғы сәтте тоқтатылды.
Дана Уайт:
«Сол жекпе-жек неге жарияланбағанының себебі, ол түні Power Slap турнирі кезінде келісім бұзылды. Содан кейін барлық жігіттер кеңсеге қайта барып, таңғы сағат 9-ға дейін жұмыс істеді. Соның нәтижесінде Джастин Гэтжи кардқа қосылды. Ал Топурия да бастапқыда бұл кардта болмауы керек еді. Оған да кейін қоңырау шалып шақырдық».
Жұма күні өткен Power Slap шоуында Уайт Ақ үй турниріне жоспарланған бір айқастың соңғы сәтте тоқтағанын айтқан болатын. Ұйым сол түні турнирдің соңғы құрамын анықтау үшін шұғыл түрде жұмыс істеген. Бұл тарихи турнир 14 маусымда, АҚШ-тың 250 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара аясында өтеді.
Кейін Джастин Гэтжи бейсенбі күні оған Ақ үй турнирінде төбелеспейтіні айтылғанын мәлімдеді. Бірақ сенбі күні — ресми хабарландырудан бірнеше сағат бұрын, ол кардқа қосылғанын және Топуриямен чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізетінін білген.
Дана Уайт бұл жағдайды растады, бірақ UFC бастапқыда Топурияны Махачевке қарсы қоюды жоспарлады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, Топурия да, Гэтжи де турнирге соңғы сәтте қосылған.
Ал Ислам Махачев туралы айтқанда, Уайт оның қазіргі уақытта Ораза ұстап жүргенін және жарақаты бар екенін жеткізді.
Дана Уайт:
«Оның қолында кішкене жарақаты бар екенін білемін. Бірақ оның қаншалықты ауыр екенін және қанша уақытқа дейін оны жекпе-жектен тыс қалдыратынын нақты білмеймін. Бірақ ол жарақат алған».
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!