Хамзат Чимаевтың UFC 328 турнирі алдындағы салмақ қуу процесі ойлағаннан да ауыр өткен болуы мүмкін.
Бұрынғы UFC чемпионы Ти Джей Диллашоу Хамзаттың жаттығу лагерінің бір бөлігінде бірге болғанын айтып, оның Шон Стриклендке қарсы айқаста қиындыққа тап болады деп мүлде күтпегенін жеткізді.
Стрикленд жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, UFC орта салмақтағы чемпиондық белбеуін қайта иеленді. Алайда айқас алдындағы негізгі әңгіме Хамзаттың ресми салмақ өлшеу кезіндегі түріне байланысты болды.
Диллашоудың айтуынша, Чимаев лагерь барысында өте мықты формада болған.
«Хамзат лагерьде нағыз аң сияқты еді. Оны ешкім жеңе алмайтындай көрінді. Бірақ кейін салмақ қуу процесін дұрыс ұйымдастырмаған адамдар бәрін құртып жіберді», — деді ол MMA Fighting-ке берген сұхбатында.
Диллашоу бұл мәселеде әйгілі маман Сэм Калавиттаны ерекше атап өтті.
«Ол ағзаның қалпына келуі, қан анализі, гормон деңгейі, минерал жетіспеушілігі — бәрін бақылайды. Бірақ Хамзат соңында басқа адамдарға сеніп қалды. Соның кесірінен бүкіл процесс бұзылды», — деді бұрынғы чемпион.
Шон Стрикленд жекпе-жектен кейін де Чимаев салмақты толық жасамады деп есептейтінін айтты. Оның ойынша, Нью-Джерси комиссиясы Хамзатқа көмектескен болуы мүмкін. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде дәлелденген жоқ.
Диллашоудың пікірінше, басты мәселе — суды дұрыс ішпеу болған.
«Егер адам бірден 10 фунт тастап, жеткілікті су ішпесе, ағза толықтай тоқтап қалады. Терлеу де тоқтайды. Денең саған “сен өліп бара жатырсың” деп белгі береді», — деді ол.
Оның сөзінше, Хамзат қажетті мөлшердегі судың төрттен бірін ғана ішкен. Ал бір отырыста жоспарланғаннан төрт есе көп салмақ тастаған.
«Содан кейін оның денесі мүлде шыдамай қалды. Ол салмақ жасағысы келмеді. Тіпті Стриклендке 1 миллион доллар ұсынып: “Мынаны ал, мен бұл салмақты жасай алмаймын. Өліп кетуім мүмкін” дегісі келген», — деді Диллашоу.
Ол сондай-ақ Хамзаттың қалқанша безінің жартысы ғана жұмыс істейтінін айтып, бұл оның метаболизміне қатты әсер ететінін жеткізді.
«Егер мұндай спортшыны дұрыс бақыламасаң, оны өлтіріп алуың мүмкін. Мен шынымен оның өлім аузында болғанына сенемін», — деді ол.
Айқас алдында UFC қауіпсіздік шараларын күшейткен, себебі екі файтердің арасында үлкен шиеленіс болған. Бірақ жекпе-жек аяқталған соң олар бір-біріне құрмет көрсетті.
Диллашоу төрешілер шешімін “тонау” деп санамайды, бірақ өзі Хамзат жеңді деп ойлайды.
«Меніңше, Хамзат кем дегенде үш раунд алды. Бұл тонау емес, өте жақын айқас болды. Бірақ Хамзаттың деңгейі өте төмендеп кеткен еді. Ол өзінің ең нашар нұсқасын көрсетті», — деді ол.
Бұрынғы чемпион Чимаевтың салмақ қуу кезіндегі жағдайын “қорқынышты” деп атады.
«Ол жасыл өт құсып жатты. Болып жатқан нәрселер шынымен сұмдық еді. Ол жекпе-жекке шықпауы керек болатын. Бірақ сонда да төртінші, бесінші раундтарда Стриклендтен жақсы кардио көрсетті. Ал Стрикленд негізі кардиосымен танымал файтер ғой», — деді Диллашоу.
Оның айтуынша, Хамзат алға жүріп, ауыр соққылар дарытқан, ал Стрикленд көбіне артқа шегініп, джебпен жұмыс істеген.
«Осындай жағдайда төбелесіп шығу — Хамзаттың қаншалықты мықты екенін көрсетеді», — деді ол.
Қазіргі таңда Чимаев Стриклендпен реванш өткізуге мүдделі. Бірақ UFC президенті Дана Уайттың айтуынша, Хамзат жартылай ауыр салмаққа ауысуды да қарастырып жүр.
Диллашоу болса Чимаев алдымен орта салмақтағы белбеуін қайтарып алуы керек деп есептейді.
«Адамдар оның не нәрсені бастан өткеріп жекпе-жекке шыққанын түсінуі керек. Оның үстіне, Хамзаттың қалқанша безінің жартысы ғана жұмыс істейді. Бұл метаболизмге қатты әсер етеді. Сондықтан оған салмақ қуу процесін дұрыс ұйымдастыру қажет», — деді ол.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!