Қазақстандық файтер Қуат Хамитов 11 шілде күні Тбилисиде (Грузия) өтетін Real American Freestyle (RAF) турнирінде Арман Царукянға қарсы белдеседі.

RAF — өткен жылы құрылған америкалық кәсіби еркін күрес лигасы. Ұйымның басты мақсаты — күресті дамыту және спортшыларға жақсы гонорармен өнер көрсетуге мүмкіндік беру. Қысқа уақыт ішінде лига UFC жауынгерлері, Олимпиада чемпиондары мен әлемге танымал балуандардың қатысуы арқылы үлкен аудитория жинап үлгерді.

Қазіргі таңда RAF лигасының басты өкілдерінің бірі — UFC жеңіл салмақ рейтингінде екінші орында тұрған Арман Царукян. Ислам Махачевке қарсы титулдық жекпе-жектен шығып қалғаннан кейін оның UFC-дегі мансабы уақытша тоқтап қалғандай болды. Алайда осы аралықта армениялық спортшы медиа жағынан қатты дамып, RAF-тың негізгі жұлдыздарының біріне айналды. Қазіргі уақытта Царукян лигада бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Қуатпен кездесуге дейін ол экс-уақытша UFC чемпионы Тони Фергюсонмен де күреседі.

Қуат Хамитов үшін бұл ММА-дан тыс тағы бір тәжірибе болмақ. Ақпан айында «Найман» Батуми қаласында BJJ ережесі бойынша бразилиялық Алан Сильвамен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді. Сонымен қатар екі апта бұрын Атырауда өткен ММА турнирінде Әли Хейбатиді жеңіп, кәсіби мансабындағы 29-жеңісіне қол жеткізді.

11 шілдедегі турнир кардында Қуат Хамитов пен Арман Царукяннан бөлек UFC-дің бұрынғы чемпиондары Мераб Двалишвили және Хэнри Сехудо де өнер көрсетеді. Сондай-ақ лигада Хамзат Чимаев, Колби Ковингтон, Дилон Дэнис, Кайл Снайдер және Гэйбл Стивесон сынды танымал спортшылар бар.

Айта кетейік, Қуат Хамитов RAF-та өнер көрсететін алғашқы қазақстандық емес. Бұған дейін лигада әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан дебют жасаған болатын. Оның алғашқы қарсыласы Олимпиада чемпионы әрі төрт дүркін әлем чемпионы Кайл Снайдер болды. Америкалық балуан 12:6 есебімен жеңіске жеткен еді.

RAF лигасының қарқынды дамуын ескерсек, болашақта бұл ұйымға тағы да қазақстандық спортшылар шақырылуы әбден мүмкін. Әсіресе Асу Алмабаев, Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов және әлем чемпионаттарының қола жүлдегері Azamat Dauletbekov сынды спортшылардың есімі аталып жүр.

Әзірге RAF-ты қазақстандық спортшылар үшін толыққанды бағыт деу қиын. Алайда лигаға деген қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Қуат Хамитовтың Арман Царукянға қарсы белдесуі қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейде танылуына тағы бір мүмкіндік болуы мүмкін.