WBO мәліметінше, Top Rank және Queensberry Promotions промоутерлік компаниялары келісімге келу үшін қосымша уақыт сұрап, ұйымға бірлескен өтініш жолдаған.
Осыған байланысты тараптарға тағы бір апта уақыт берілді. Енді Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираздың командалары келіссөзді 2026 жылдың 10 қыркүйегіне дейін аяқтауы тиіс.
Егер белгіленген мерзімге дейін тараптар келісімге келе алмаса және WBO-ға тиісті келісімшартты ұсынбаса, ұйым чемпиондық комитеттің шешімімен промоутерлік сауда (purse bid) өткізеді.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы 21 шілде екінші орта салмаққа ауысатынын жариялап, орта салмақтағы WBO чемпионы белбеуінен өз еркімен бас тартқан болатын. Ал 14 тамыз күні WBO қазақстандық боксшыны ресми түрде Хамза Шираздың титулына міндетті үміткер ретінде бекітті.
Осылайша, қазақстандық жанкүйерлер асыға күтіп отырған Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы титулды жекпе-жектің тағдыры алдағы күндері шешілуі мүмкін.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!