Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ACA 209 турнирінде жарқын жеңіске қол жеткізді.

Жартылай орта салмақта өнер көрсеткен отандасымыз ресейлік Алексей Махномен кездесті. Үш раундқа жоспарланған жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Хамитов екінші раундта қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Осы нәтижеден кейін Қуат Хамитовтың кәсіби ММА-дегі көрсеткіші 29 жеңіс, 8 жеңіліс және 2 тең нәтижеге жетті. Ал Алексей Махно мансабындағы 18-ші жеңілісіне ұшырады.

Айта кетейік, қазақстандық файтер осымен қатарынан үшінші жекпе-жегінде жеңіске жетіп отыр. Ол соңғы рет 2024 жылдың 11 мамырында ресейлік Александр Шлеменкодан жеңілген болатын.

Сонымен қатар, Хамитов турнир барысында Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесін киіп, ел намысын халықаралық аренада танытып жүргенін ерекше атап өтті.