Азия чемпионатында Қазақстан грек-рим күресі балуандары сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына бір алтын, үш қола медаль салды.

Команда сапындағы жалғыз алтын жүлдені 72 келі салмақта сынға түскен Алматбек Аманбек жеңіп алды. Ол финалда ирандық Мохаммед Джават Саадат Ризаи балуанын бірінші кезеңде тушемен ұтып, Азия чемпионы атанды.

Қола медаль иегерлері де белгілі. 82 келі салмақта Ибрагим Магомадов үшінші орынға ие болды. 87 келіде Нурстултан Турсынов қола жүлде еншілесе, 97 келіде Ислам Евлоев үздік үштікті түйіндеді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы өткен жылмен салыстырғанда нәтижесін жақсартты. Еске сала кетейік, 2025 жылы Иордания астанасы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында грек-рим күресінің балуандары алтын медальсыз қалған еді.