Ақтау қаласында өтіп жатқан NAIZA 84 турнирі аясында Тимур Серікұлы мен Али Чоршанбиев арасында жекпе-жек өтті.

«Halyk Arena» спорт кешенінде ұйымдастырылған айқас ұзаққа созылған жоқ. Қазақстандық файтер қарсыласына ауыр әрі дәл тиген оң қолымен соққы жасап, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Соққыдан кейін Али Чоршанбиев ауыр нокаутқа түсті.

Осылайша, Тимур Серікұлы кәсіби мансабындағы жетінші жеңісіне қол жеткізіп, рекордын 7-3 көрсеткішіне жеткізді. Бұл жеңіс қазақстандық спортшы үшін ерекше маңызды болды. Еске салсақ, 2025 жылдың қараша айында ол бразилиялық Майке Линьяреске есе жіберіп, NAIZA чемпиондық белбеуінен айырылған еді.

Ал Али Чоршанбиев үшін бұл ММА-дегі екінші жеңіліс болды. Оның рекорды енді 7 жеңіс пен 2 жеңілісті құрайды.