UFC ұйымының Ақ үй аумағында өткізуді жоспарлап отырған тарихи турнирі үлкен дауға ұласты. Турнирге бір апта қалғанда оны тоқтатуды талап еткен сот ісі қозғалды.
MMA Fighting мәліметінше, талап-арызды АҚШ Әуе күштерінің зейнеткер сержанты әрі Вьетнам соғысының ардагері Пол Романо мен азаматтық белсенді Сьюзан Дуглас берген. Олар Вашингтондағы тарихи нысандарды қорғауды мақсат ететіндерін мәлімдеді.
Талапкерлер UFC White House турнирін «Ақ үйдің оңтүстік алаңы мен Линкольн мемориалын жеке коммерциялық спорт ұйымына заңсыз беру арқылы жасалған жемқорлық схема» деп атады.
Іс бойынша жетекші адвокат Самуэль Т. Уорд-Паккардтың айтуынша, турнир АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен ұйымдастырылған және UFC президенті Дана Уайтпен бірлесіп өткізілмек. Оның сөзінше, бұл шара екі тарапқа да қаржылық пайда әкеледі.
Шағымда Трамптың биыл көктемде UFC-дің бас компаниясы TKO акцияларын 50 мың долларға дейін сатып алғаны айтылған. Сонымен қатар UFC турнирге арналған VIP-пакеттерді 1,5 миллион доллардан сатып жатыр. Ал жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу рәсімі Линкольн мемориалында өтеді деп жоспарланған.
Талапкерлер үш негізгі заңбұзушылықты алға тартуда:
— Ұлттық парк қызметінің ережесін бұзу. Федералдық парк аумағында спорттық іс-шара өткізуге тыйым салынған.
— Турнир сахнасындағы «The Claw» құрылымын орнатуға Конгрестің арнайы рұқсаты жоқ.
— Ақ үйдің оңтүстік алаңын қалпына келтіру шығыны салық төлеушілердің мойнына түсуі мүмкін.
«Президент Американың ең маңызды тарихи орындарын жеке компанияның пайдасына пайдалануға берді. Бұл — жемқорлық. Бұл ескерткіштер Дана Уайтқа да, Crypto.com секілді демеушілерге де, Дональд Трампқа да тиесілі емес», — деді талапкер Сьюзан Дуглас.
Қазіргі таңда талапкерлер турнирді уақытша тоқтату туралы шұғыл өтініш те дайындап жатыр. Егер сот оны мақұлдаса, UFC White House турнирі толықтай өтпей қалуы мүмкін.
Еске салсақ, UFC White House турнирі 14 маусым күні өтуі тиіс. Кештің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақ чемпионы атағы үшін Илия Топурия мен Джастин Гэтжи кездеседі.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!