Бастапқыда Абдуллаев америкалық Энтони Фигероамен жекпе-жек өткізуі керек болған. Алайда қарсыласы белгісіз себептермен кездесуден бас тартты. Оның орнына қырғызстандық спортшыға бразилиялық Эднилсон Сантос қарсылас атанды.
Жекпе-жек 16 қыркүйек Лас-Вегастағы UFC Apex аренасында, жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді. Бұл кездесу Ақбар Абдуллаев үшін әлемдегі ең ірі ММА ұйымы - UFC-мен келісімшартқа қол қоюға мүмкіндік беретін маңызды сынақ болмақ.
Ақбар Абдуллаев мінсіз 13-0 рекордымен келе жатыр. Ең қызығы, қырғызстандық файтер өзінің барлық 13 жеңісін мерзімінен бұрын аяқтаған - 12 рет нокаутпен және бір рет қарсыласын берілуге мәжбүрлеу арқылы жеңіске жеткен.
Көптеген жанкүйер Абдуллаевты ONE Championship ұйымының «бейресми чемпионы» деп атайды. Ол өзінің ең маңызды жекпе-жектерінің бірінде ұйымның сол кездегі чемпионы Танг Кайды бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын. Алайда Ақбар жекпе-жек алдындағы гидратация тестінен өте алмай, чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігінен айырылды.
Ал оның жаңа қарсыласы Эднилсон Сантос (14-7-1) бұл жекпе-жекті турнирге небәрі бір апта қалғанда қабылдады. Бразилиялық спортшы соңғы рет мамыр айында октагонға шығып, DWCS турнирінің бұрынғы қатысушысы Шахин Сантаны төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді.
Осылайша, 16 қыркүйек Ақбар Абдуллаев өзінің жеңіліссіз сериясын жалғастырып, UFC-мен келісімшартқа қол жеткізуі мүмкін.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!