7 қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде UFC басшысы Дана Уайтқа қатысты күтпеген мәлімдеме жариялады.
«Ұлы Дана Уайтқа, нағыз жауынгер әрі батыр, Америка Құрама Штаттарының баспасөз хатшысы қызметі ұсынылғанын қуана хабарлаймын.
Мен одан өзімен бірге көмекшілерін алып келуін сұрадым. Олардың кейбірі біздің елдің азаматы болмаса да, Ислам Махачев, Хабиб Нурмагомедов, Джастин Гэтжи, Даниэль Кормье, Аманда Нуньес және Кайла Харристі шақыруын өтіндім.
Бізге бұл адамдар есінен адасқан солшылдарға қарсы қорғану үшін қажет.
Дана ешкімге ұқсамайтын баспасөз хатшысы болады.
Дана, өтінемін, бұл жұмысты қабыл ал!
Президент ДОНАЛЬД ДЖ. ТРАМП».
Мәлімдемеден кейін Дана Уайт Instagram желісінде өзін Ақ үйдің баспасөз мінберінде тұрғандай көрсететін сурет жариялап, «Келесі деңгейге көшеміз» деп жазды.
Кейін UFC басшысы Вашингтонға бара жатқанын және дүйсенбі күні Трамппен кездесетінін мәлімдеді. Алайда ол ұсынысты қабылдайтынын нақты айтқан жоқ.
Трамптың мәлімдемесі неге дәл қазір жарияланды?
Бұл оқиғаның саяси астарын түсіну үшін бірнеше күн бұрын АҚШ-та өткен аралық сайлауға назар аудару қажет. 2026 жылғы 3 қарашада америкалықтар Конгрестің Өкілдер палатасының барлық мүшелерін және Сенаттағы орындардың бір бөлігін сайлады. Сайлау республикашылдар(Дональд Трамптың командасы) үшін сәтсіз аяқталды. Демократиялық партия Конгрестің екі палатасында да басымдық алуға жеткілікті орын жеңіп алды. 7 қарашадағы есеп бойынша демократтар Сенатта кемінде 54 орынға ие болатыны белгілі болды. Өкілдер палатасында да олар көпшілікке қол жеткізді. Бұл Трамп үшін маңызды саяси өзгеріс. Өйткені Конгресс президент әкімшілігінің шешімдерін бақылауға, мемлекеттік шығындарды шектеуге және заңнамалық бастамаларды тоқтатуға мүмкіндік береді.
Жаңа сайланған Конгресс 2027 жылғы қаңтарда жұмысын бастайды.
Трамп неге UFC спортшыларын атады?
Трамптың «солшылдардан қорғану үшін» UFC спортшылары қажет деген сөзін тікелей мағынада қабылдауға болмайды. АҚШ саясатында «солшылдар» деген атау көбіне демократтар мен прогрессивті саяси қозғалыстарға қатысты қолданылады. Ал Трамп қолданған «Lunatic Left» тіркесі — оның саяси қарсыластарын сипаттайтын өткір, кемсітуші риторикасының бір бөлігі. Сондай-ақ UFC басшысы Трампты ұзақ жылдан бері қолдап келеді. Сондықтан президенттің оны ерекше сенетін адамдар қатарына қосуы кездейсоқ емес.
Трамп атаған спортшылардың ішінде Джастин Гэтжи және Даниэль Кормьенің Ақ үймен тікелей байланысы бар. Олар бұған дейін UFC 300 турнирі қарсаңында президенттің арнайы шақыртуымен Ақ үйде алғаш аяқ басқан болатын. Өз кезегінде Хабиб Нурмагомедов пен Ислам Махачев АҚШ президентінің көңілінен шыққан мықты файтерлерінің бірі де, бірегейі.
Бұл мәлімдеме нені көрсетеді?
Трамптың UFC жұлдыздарын атауы — спорт пен саясаттың АҚШ-та қаншалықты тығыз байланысып кеткенінің кезекті мысалы. Бір жағынан, Дана Уайт пен UFC президентке үлкен аудиторияға шығуға мүмкіндік беретін медиа серіктестерге айналды. Екінші жағынан, Трамптың UFC турнирлеріне қатысуы ұйымның спорттан тыс ақпараттық ықпалын күшейтті. Әзірге белгілісі — Дана Уайт президентпен кездесетінін айтты, ал спортшылардың Ақ үйге жұмысқа орналасатыны расталған жоқ.
Ең қызығы, Трамп саяси қарсыластарымен күрес туралы айтқанда Конгрестегі одақтастарын емес, UFC чемпиондарын атады. Бұл оның спорт пен саясатты байланыстыратын өзіндік коммуникациялық стилін айқын көрсетеді.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!