Гүржі файтерінің айтуынша, оқиға сұхбат беріп жатқан қонақүйдің холында болған. Мерабтың сөзінше, Усман мен оның жанындағы адамдар артынан келіп, өзіне және досына жұдырық ала жүгірген. Двалишвили шабуылға шамамен 20 адам қатысқанын да айтты.
«Мен қонақүйдің холында RAF турниріне арналған сұхбат беріп тұрғанмын. Усман мен оның достары артымыздан келіп, мені және досымды ұра бастады. Күзетшілер мені ұстап тұрды, ал олар жерде жатқан кезімізде де бізді тепкілеуді жалғастырды», — деп мәлімдеді Двалишвили әлеуметтік желідегі парақшасында.
Кейін файтер оқиғаға қатысты видео жариялап, шабуылға қатысқандарға ашулы үндеу жасады.
«Мұнда досым екеуміз ғана жүрміз. Біз Абу-Дабиге келдік, ал Усман Нурмагомедов пен оның достары жыландай артымыздан келді. Сендер қандай жауынгерсіңдер? Егер сөйлескілерің немесе төбелескілерің келсе, бәрін еркектерше шешейік. Сендер бізге тек екеу болғандықтан шабуыл жасадыңдар, ал өздерің көп болып, алдын ала дайындалып келгенсіңдер», — деді Мераб.
Еске салайық, Двалишвили мен Нурмагомедовтер отбасының арасындағы текетірес 2025 жылдың қаңтарында басталған. Сол кезде гүржі спортшысы UFC 311 турнирінде Умар Нурмагомедовпен кездескен болатын. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Мераб төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуін қорғап қалды.
Соңғы айларда олардың арасындағы жанжал қайта өрши түсті. RAF Georgia турнирі алдында Двалишвили Умардың жақындарының бірімен жанжалдасып қалған. Осы оқиғадан кейін тараптар БАҚ арқылы бір-біріне қарсы мәлімдемелер жасаған.
Осы сенбі Двалишвили Абу-Дабиде өтетін RAF турнирінде Марлон Мораеспен белдесуі керек.
Айта кетейік, Усман Нурмагомедовке тағылған айып әзірге Мераб Двалишвилидің мәлімдемесіне ғана негізделген. Оқиғаның мән-жайы тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!