Combat U – студенттерге жоғары білім алып қана қоймай, кәсіби деңгейде спортпен айналысуға мүмкіндік беретін жоба. Бағдарламаға қатысушылар шәкіртақы алады, университетте білім алады және жаттығып, түрлі жарыстарда өнер көрсетеді.
Жоба командасының құрамында жекпе-жек әлеміне танымал тұлғалар бар. Олардың қатарында WEC ұйымының бұрынғы чемпионы әрі UFC-де бірнеше рет чемпиондық белбеуге таласқан Юрайя Фэйбер, бокстан Олимпиада чемпионы Андре Уорд, сондай-ақ UFC ардагерлері Кори Маккенна мен Джозеф Моралес бар.
Веласкестің айтуынша, оның басты міндеті – жас спортшылардың дұрыс әрі қауіпсіз жағдайда дамуына көмектесу.
«Университет екі жылдан бері жекпе-жек спорттарын дамыту бағдарламасымен айналысып келеді. Оның құрамында MMA, бокс, муай-тай, джиу-джитсу және күрес бар. Спортшылар шәкіртақы алып, жарыстарға қатысады. Мені аралас жекпе-жектен бас менеджер болуға шақырды. Мақсатым – осы спорт түрінің дамуына үлес қосып, жас жігіттер мен қыздардың дұрыс жолмен бастауына көмектесу», – деді америкалық маман.
Бұрынғы UFC чемпионы бұл жобада ең басты назар білім алуға аударылатынын атап өтті. Оның пікірінше, спортшылар тек жарыстарда жетістікке жетіп қана қоймай, университет дипломын да алуы керек.
Веласкес кәсіби спорттағы дәстүрлі жүйеден айырмашылығы, Combat U қатысушыларының медициналық көмекке, оңалту қызметтеріне және білікті мамандардың қолдауына бір жерде қол жеткізе алатынын айтты.
Кейн Веласкес RAF күрес лигасында өнер көрсетуі мүмкін
Сұхбат барысында америкалық спортшы өзінің жарыстарға қайта оралу мүмкіндігі туралы да пікір білдірді. Веласкес MMA-ге қайта оралу мәселесіне әзірге нақты жауап бермегенімен, Real American Freestyle (RAF) күрес лигасында өнер көрсетуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
Мұның өзіндік себебі бар. Кейн мектеп және колледж кезінен бастап еркін күреспен шұғылданған. Оның үстіне, америкалық спортшы күресті өзінің кәсіби мансабындағы басты тіректерінің бірі санайды.
«Меніңше, әбден мүмкін. Енді олар өздері шешім қабылдауы керек. Мен күресті жақсы көремін. Мені бүгінгі деңгейге жеткізген де – осы спорт. Күреске деген ерекше ықыласым әрдайым жадымда сақталады. MMA-дегі ең мықты спортшылар мен үздік файтерлердің көпшілігі күрестен шыққан. Сондықтан мұндай мүмкіндік бар», – деді Веласкес.
Айта кетейік, соңғы уақытта RAF лигасы аралас жекпе-жек әлеміндегі танымал спортшыларды өз алаңына шақырып жүр. Соның бірі – Абу-Дабиде өткен турнирде Хамзат Чимаев пен Крис Уайдман арасындағы күрес белдесуі болды.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!