Naiza лигасының бұрынғы чемпионы Дастан Амангелді Еуропадағы ең ірі MMA ұйымдарының бірі — Oktagon MMA-дегі екінші жекпе-жегін сәтті өткізді. Oktagon MMA 89 турнирінде қазақстандық файтер тәжірибелі француз спортшысы Моктар Бенкасиді төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңді.

Бұл Амангелдінің ұйымдағы екінші айқасы болды. Еске салсақ, Дастан 2026 жылдың қаңтар айында Oktagon MMA-дегі дебютінде бразилиялық Вандерлей Левандовскиді үш раунд қорытындысы бойынша жеңген еді.

Моктар Бенкасиға қарсы жекпе-жекте қазақстандық спортшы фаворит саналды. Француз файтерінің мансабында жеңілістер көп болғанымен, ол бұған дейін ешқашан мерзімінен бұрын жеңілмеген. Сонымен қатар Бенкаси M-1 Challenge, Eagles FC және PFL секілді беделді ұйымдарда өнер көрсеткен тәжірибелі спортшы. Оның еншісінде 13 нокаут және 8 сабмишен арқылы келген жеңіс бар.

Айқас Германиядағы «Tipos Arena» аренасында өткен тарихи Oktagon MMA 89 турнирін ашты. Турнир басталар сәтте-ақ аренаның жартысына жуығы жанкүйерлерге толып, еуропалық MMA көрермендерінің ұйымға деген қызығушылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Дастан жекпе-жекті өте сенімді бастады. Көпшілік қазақстандық файтер күреске көбірек көңіл бөледі деп күткен еді, алайда ол тік тұрыста да өзін жоғары деңгейде көрсетті. Амангелді қарсыласынан әлдеқайда белсенді жұмыс істеп, джебтер мен ауыр соққыларын дәл жеткізіп отырды.

Екінші раундта қазақстандық спортшы күресін де іске қосып, алғашқы сәтті тейкдаунын орындады. Осы сәттен кейін оның басымдығы одан әрі айқындала түсті. Бенкаси жекелеген ауыр соққыларын өткізгенімен, олар Дастанға айтарлықтай әсер ете алмады.

Үшінші раундта Амангелді жекпе-жекті толық бақылауда ұстап, тағы бір тейкдаун жасап, кездесуді сенімді жеңіспен аяқтады. Үш төреші де жеңісті бірауыздан 30-27 есебімен қазақстандық файтерге берді.

Дастан Амангелдінің бұл жарқын жеңісі тарихи Oktagon MMA 89 турнирінің сәтті басталуына себеп болды. Енді қазақстандық файтер алдағы бірнеше жеңістен кейін ұйым чемпиондық белбеуіне үміткер атануы әбден мүмкін.