Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов OKTAGON лигасының жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуі үшін өткен жекпе-жектен кейін ресми мәлімдеме жасады. Еске салайық, бразилиялық Игор Севериноға қарсы айқас барысында қарсылас бірнеше рет ереже бұзып, жекпе-жек соңында белден төмен соққы жасап, кездесу тоқтатылған еді. Нәтижесінде айқас NO CONTEST деп жарияланды.
Жұмағұловтың айтуынша, жекпе-жек барысында қарсыласы көзге саусақ сұғып, желкеден бірнеше мәрте соққы жасаған. Сондай-ақ ол қарсыласының баспен жұмыс істегенін және төрешінің бұл эпизодтарға тиісті деңгейде реакция білдірмегенін айтты.
Файтердің сөзінше, дәл сол сәттерден кейін оның көзі бұлдырап, көру қабілеті нашарлаған. Қазіргі таңда Жалғас оң көзімен көрмейтінін айтып, бұл жағдайдың уақытша не тұрақты екенін алдағы медициналық тексерулер анықтайтынын жеткізді.
Сонымен қатар спортшы дәрігерлер жекпе-жектен кейін гематома тіркегенін және зәрден қан кеткенін мәлімдеді. Оның пікірінше, қарсыласының белден төмен жасаған соққысы әдейі жасалған.
Жалғас Жұмағұлов бұл мәлімдемені ақталу үшін емес, ұйымдастырушылар назар аударып, болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жасап отырғанын атап өтті.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!