Шәрібаевтың айтуынша, қазақстандық жанкүйерлер төрешілер шешімі мен сыртқы факторларды сылтау етпеуі керек.

«Бізді жерге түсірді. Бұл — шынайы жеңіліс. Иә, екінші орынмен құттықтаймын, бірақ ашығын айтқанда, бұл — өз орнымыздағы екінші орын», — деді боксшы.

Ол Өзбекстан құрамасының 20 алтын медаль жеңіп алуы тарихи жетістік екенін және мұндай нәтижеге тек жүйелі әрі ауқымды жұмыстың арқасында жетуге болатынын атап өтті.

«Қазір көп жанкүйер Өзбекстан “бәрін сатып алды”, “келісім болды” деп айтып жатыр. Мен мұнымен келіспеймін. Жеңілісті мойындау — күштің белгісі», — деді Шәрібаев.

Боксшы кейбір жекпе-жектердегі төрешілер шешіміне сұрақ туындауы мүмкін екенін мойындағанымен, Өзбекстанның тоғыз алтын медальға артықшылығын тек даулы шешімдермен түсіндіруге болмайтынын айтты.

Сонымен қатар, Шәрібаев Қазақстан құрамасының дайындығындағы бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, ұлттық құрамада заманауи биік таулы оқу-жаттығу базасының жоқтығын сынға алды.

«Бізде Алматының таулары бар, бірақ оқу-жаттығу жиындары Шымкентте, теңіз деңгейінен шамамен 800 метр биіктікте өтеді. Бұл боксшылардың әлеуетін толық ашуға жеткіліксіз», — деді спортшы.

Оның пікірінше, Қазақстан келесі Олимпиада ойындарында көп алтын медаль иеленуді көздесе, дәл қазірден бастап жүйелі дайындық пен кәсіби ұйымдастыру жұмысына көшуі қажет.

2026 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орын алды. Ұлттық құрама 30 медаль жеңіп алды: 11 алтын, 11 күміс және 8 қола. Ал турнир жеңімпазы атанған Өзбекстан құрамасының еншісінде 33 медаль болды — 20 алтын, 6 күміс және 7 қола.