Оның айтуынша, алғашқы кезеңде құраманың көшбасшылары мен жас спортшылар халықаралық жарыстарда сыналып, рейтингтік ұпай жинауға басымдық беріледі. Әсіресе Masters, әлем чемпионаты және Grand Slam турнирлеріне, оның ішінде Баку, Токио және Париждегі кезеңдерге ерекше назар аударылады.

Мшвидобадзе Париж Олимпиадасынан кейін әлемдік дзюдода бәсекелестік күшейгенін атап өтті. Көптеген құрамалар жас спортшылармен толықтырылып, әлемдік рейтингтегі алғашқы ондық пен отыздықтағы дзюдошылардың деңгейі бір-біріне жақындаған.

Азия ойындарына қатысатын түпкілікті құрам жарыс басталардан 3–4 апта бұрын бекітіледі. Дайындық Алматы мен Шымкенттегі жиындарда, сондай-ақ Жапония, Өзбекстан және Еуропадағы халықаралық оқу-жаттығу жиындарында өтуде.

2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы негізгі салмақ дәрежелері мен аралас командалық сында жүлделі орындарға таласуды мақсат етіп отыр.