Рамос қарсыластарын жеке өзі терең зерттеуге көп уақыт бөлмейтінін айтты. Қазақстандық боксшының стилін жан-жақты талдаумен оның әкесі әрі бапкері Хесус Рамос-үлкен айналысып жатыр.
Америкалық боксшының айтуынша, бапкерлік штабтан алған мәліметі бойынша Нұрсұлтанов контрпанчер стилінде жұдырықтасады және еуропалық мектептің өкілі саналады.
— Мен қарсыласым туралы көп білмеймін. Әдетте қарсыластарымды өзім зерттегенді ұнатпаймын, бұнымен әкем айналысады. Ал мен рингке шығып, алдымда тұрған міндеттерді орындауға тырысамын. Әкемнің айтуынша, Нұрсұлтанов — контрпанчер және оның еуропалық стилі бар. Біз соған дайындалып жатырмыз, — деді Рамос.
Сондай-ақ америкалық боксшы жаттығу жиынында өзінің жеке дайындығына және техникалық шеберлігін жетілдіруге ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.
— Біз джебті, соққылардың бұрыштарын және денеге бағытталған шабуылдарды жетілдірдік. Осы элементтердің барлығын мұқият пысықтадық. Мен 19 қыркүйекке толық дайынмын. Менің жоспарым — қарсыласыма өз стилімді және өз дегеннімен жүргізу, — деп қосты Рамос.
Мейірім Нұрсұлтанов пен Хесус Рамос арасындағы жекпе-жек 19 қыркүйек АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді.
Кездесуде орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белбеу сарапқа салынады.
Мейірім Нұрсұлтанов үшін бұл жекпе-жек кәсіби мансабындағы ең маңызды кездесулердің бірі болмақ. Жеңіс қазақстандық боксшыны толыққанды әлем чемпионы атағына бір қадам жақындатады.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!