ADCC 2026 турнирінде қазақстандық тарап пен Kingsway командасы арасында болған жаппай төбелеске Гордон Райан пікір білдірді.
Оның айтуынша, оқиға басталған сәтте ол басқа кілемде Доминикке секундент болып, жекпе-жекке нұсқау беріп тұрған. Сондықтан Дориан мен қазақстандық Бекзаттың арасындағы жағдайдың қалай басталғанын нақты көрмеген.
«Сол кезде Дориан мен қазақ жігіт жарысып жатқан. Олардың арасында қандай да бір төбелес немесе сөзге келу болды. Нақты не болғанын білмеймін», — деді Райан.
Гордонның сөзінше, Дорианның жағында Джон, Майк және оның әкесі ғана болған. Ал қазақстандық тарапта шамамен 15 адам тұрған.
«Мен кездесу аяқталған соң жүз пайыз төбелес болатынын түсіндім. Доминикті жаттықтыруды жалғастырып отырып, орындығымды сол кілемге қарай бұрып қойдым. Жекпе-жек біткен бойда төбелес басталды», — деді ол.
Райанның айтуынша, ол жанжалға араласып, қарсы тараптағы бір адамды соққан. Осыдан кейін қазақстандықтардың назары оған ауған.
«Біреуі мені көріп: “Гордон, Гордон, Гордон!” деп айқайлады. Содан кейін бәрі маған бұрылды. Екі жігіт аяғымнан ұстап, біреуі итеріп жіберді де, мен құладым. Кейін бес-алты адам басымнан ұра бастады. Біреулері аяқпен тепті, енді біреулері жұдырықпен ұрды», — деп мәлімдеді америкалық грэпплер.
Оның сөзінше, бірнеше адам ұстап тұрғанына қарамастан, ол қайта тізерлеп тұрып, қарсыластарының бірінің аяғынан ұстап көтерілген.
Көп ұзамай жанжал тоқтатылып, Райан қайтадан өз орнына барып, Доминикке секундент болуды жалғастырған.
Сөзінің соңында Гордон Райан жағдайды әзілмен қорытындылады:
«Қазақ жігіттеріне төбелес үшін рақмет, қызық болды. Және әрқашан естеріңде болсын: мен — кез келген кештің үздігімін (Fight of the Night)».
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!