Бұл туралы Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) ресми мәлімдеме жасады.

Ұйымның хабарлауынша, Queensberry Promotions промоутерлік сауда нәтижесінде қалыптасқан шарттарды қарастырғаннан кейін Шираздың міндетті қорғау жекпе-жегін өткізуден бас тартқанын WBO-ға ресми түрде хабарлаған.

Британдық боксшының қарсыласы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) болуы тиіс еді. Қазақстандық боксшы WBO нұсқасы бойынша ресми міндетті үміткер мәртебесіне ие болатын.

Осылайша, Шираз чемпиондық белбеуінен өз еркімен бас тартып, Әлімханұлымен жекпе-жек өткізбеу туралы шешім қабылдады.

WBO өз мәлімдемесінде Шираз бен оның командасының шешімін құрметтейтінін атап өтті.

Енді WBO-ның екінші орта салмақтағы чемпиондық титулының тағдырын ұйымның Чемпиондық титулдар жөніндегі комитеті анықтайды.

WBO мәліметінше, тиісті шешім 21 қыркүйек, дүйсенбі күні жарияланады. Комитет сонымен қатар дивизиондағы чемпиондық белбеудің әрі қарайғы мәртебесін және титул үшін таластың тәртібін анықтайды.

Осылайша, Әлімханұлының келесі жекпе-жегіне қатысты нақты жағдай WBO комитетінің шешімінен кейін белгілі болады.