Жеңіл салмақтағы PFL чемпионы Усман Нурмагомедов Әбу-Дабидегі қонақүйде болған төбелеске байланысты 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы бірқатар халықаралық және гүржілік БАҚ хабарлады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің сот департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, 11 қарашада болған жаппай төбелеске қатысты 10 адамға үкім шығарылған.

Сот төбелеске қатысқан алты адамды қоғамдық қауіпсіздікті бұзғаны, адамдарды қорқытып-үркіткені және олардың өміріне қауіп төндіргені үшін кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысы 6 айға бас бостандығынан айырылып, 300 мың дирхам (шамамен 81,7 мың доллар) айыппұл төлеуге міндеттелді. Жазасын өтегеннен кейін олар БАӘ аумағынан депортацияланады.

БАҚ мәліметінше, сотталғандардың қатарында Усман Нурмагомедов та бар.

Ал UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили мен оның серігі Саба Лазишвилиге әрқайсысына 50 мың дирхам көлемінде айыппұл салынған. Гүржілік ақпарат құралдарының хабарлауынша, екі спортшының қамаудан босатылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар төбелесті телефонға түсіріп, бейнежазбаларды интернетте жариялаған тағы екі адам 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олардың әрқайсысына 300 мың дирхам айыппұл салынып, жазасын өтегеннен кейін елден депортациялау туралы шешім қабылданды. Сот олардың телефондарын тәркілеуді және жарияланған бейнежазбаларды өшіруді бұйырды.

Еске салайық, оқиға 11 қарашада Әбу-Дабидегі Yas Hilton қонақүйінде болған. Мераб Двалишвили сұхбат беріп тұрған кезде Усман Нурмагомедов пен оның жанындағы адамдармен жанжал туындаған. Оқиға төбелеске ұласып, бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.

Әбу-Даби полициясы оқиғадан кейін 10 адамның ұсталғанын хабарлаған болатын.