«Ушатaйка» YouTube арнасына берген сұхбатында Махачевтен үш спортшының қайсысын шеберлік тұрғысынан жоғары бағалайтыны жайлы сұрақ қойылды.

— Егер тек шеберлікті алатын болсақ, Шавкатты Пратес пен Моралестен жоғары қоясыз ба? — деген сұрақ қойылды.

Ислам Махачев бұл үш файтердің деңгейін шамамен бірдей деп бағалайтынын айтты.

«Шынымды айтсам, үшеуін де бір деңгейге қоямын. Пратестің соққысы өте ауыр. Моралес өзі өте ірі, күресте де, соққы жасауда да қауіпті. Ал Шавкаттың да жалпы шеберлігі жоғары, ол өте мықты қарсылас», — деді Махачев.

Еске салайық, Шавкат Рахмонов қазіргі уақытта тізе жарақатынан кейін ұзақ уақыт бойы қалпына келіп жатыр. Қазақстандық файтер ұзақ уақыт октагонға шықпағандықтан, UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінен шығарылды. Бұған дейін Рахмонов дивизионның көшбасшы спортшыларының бірі болған.