Иен Мачадо Гэрри Instagram-да қабырғаға басын тіреп тұрған фотосын жариялағаннан кейін, әлеуметтік желіде қызу пікірталас басталды. Кейбір қолданушылар постты саяси және діни тақырыптармен байланыстырып, файтерге қарсы түрлі пікірлер жаза бастаған.
Осыдан кейін ирландиялық файтер сторис жариялап, фотода ешқандай саяси немесе діни астар болмағанын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл сурет тек UFC-дегі ұзақ үзіліске байланысты қапалы екенін білдіреді.
«Мен — элиталық спортшымын. Менің жұмысым — төбелесу. Әлемдегі ең мықтылармен айқасып, өзімді дәлелдегім келеді. Бірақ мен қараша айынан бері жекпе-жексіз отырмын. Күту — мен үшін ең қиын нәрсе», — деді Гэрри.
Сондай-ақ «The Future» кейбір адамдардың пост астында еврей қауымына қатысты жеккөрушілік пікірлер жазғанын сынға алды.
«Бұл фотоның саясатқа да, дінге де қатысы жоқ. Адамдардың оны басқа арнаға бұрып жіберуі — ақылға сыймайтын нәрсе», — деп мәлімдеді UFC файтері.
Гэрри кейін Instagram-дағы пікірлерді жауып тастағанын айтып, мұндай өшпенділікке өз парақшасында орын бермейтінін жеткізді.
«Менің парақшама ешкім нәсілшілдік пен жеккөрушілік энергиясын алып келмейді. Мен өз тыныштығымды қорғауым керек», — деді ирландиялық файтер.
Айта кетейік, Иен Мачадо Гэрри соңғы рет 2025 жылдың қараша айында Белал Мұхаммадпен кездескен болатын. Қазіргі таңда ол UFC-дегі келесі жекпе-жегін күтіп жүр.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!