Текст:
NAIZA 84 турнирінің басты жекпе-жегі өтпей қалды. Чемпион Балғын Жеңісұлы салмақ лимитін орындай алмағандықтан, Николай Самусевке қарсы титулдық кездесу тоқтатылды.
Осы жағдайдан кейін Самусев қарсыласына қатаң мәлімдеме жасап, өзін «нағыз чемпион» ретінде көрсете алғанын айтты.
«Балғын, бүгін сенде нағыз чемпион екеніңді дәлелдеуге мүмкіндік болды. Бірақ бүгін нағыз чемпион - мен екенімді дәлелдедің», — деді Самусев.
Самусевтің айтуынша, таңертең оған Балғын Жеңісұлының салмақ жасай алмай жатқаны туралы хабарланған. Соған қарамастан, Самусев жекпе-жекті сақтап қалу үшін келісімге келуге дайын болғанын жеткізді.
«Маған таңертең хабарласып, олардың салмақ жасай алмай жатқанын айтты. Турнирді құтқару үшін мен де салмақ қумай-ақ төбелесейік дедім. Бірақ лига өз талабын қойды — 65,800 кг жасау керек болды. Сол кезде бірден салмақ қуа бастадым. Экстремалды түрде 3,5 келі тастадым. Соңында тіпті 64,700 көрсеттім. Мен өз жұмысымды толық орындадым», — деді ол.
Самусев чемпионның салмақ жасай алмауын кәсіби емес әрекет деп бағалады.
«Бұл — кәсіби емес көзқарас. Салмақ қууға алдын ала дайындалу керек, тамақтануды бақылау қажет. Мен өзім солай істедім», — деді файтер.
Сондай-ақ ол резервтегі қарсыластар туралы да пікір білдіріп, ешкімнің онымен жекпе-жекке шығуға нақты дайын болмағанын меңзеді.
«Таңертең менде 2,2 келі артық болды, бірақ бәрін тастадым. Ал кейбіреулерде небәрі 500 грамм ғана болған. Соның өзін жасай алмады. Демек, олар менімен төбелескісі келмеген шығар», — деді Самусев.
Қорытындысында Николай Самусев келесі ұсынысты күтіп отырғанын және титулдық мүмкіндікке қайта оралуға дайын екенін айтты.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!