Ақтауда өткен NAIZA 84 турнирінде жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық жекпе-жек өтті. Титул үшін Сайхан Джемухаев пен Мирас Шантасов октагонда кездесті.

Бұл айқас Джемухаев үшін оңай болған жоқ. Ол жекпе-жекке турнирге небәрі сегіз күн қалғанда келісім берген. Соған қарамастан, қазақстандық файтер мінез көрсетіп, ауыр сынақтан сүрінбей өтті.

Жекпе-жектің алғашқы раундында Мирас Шантасов басым көрінді. Алайда уақыт өте келе Сайхан кездесудің қарқынын өз қолына алып, белсенді әрекет ете бастады. Ол тәуекелге барып, қарсыласын партерге өткізіп, соққылар сериясымен айқасты мерзімінен бұрын аяқтады.

Осылайша, Сайхан Джемухаев NAIZA лигасының жартылай ауыр салмақтағы жаңа чемпионы атанды.

Айта кетейік, Джемухаев Екібастұз қаласындағы Yerengaipov Top Team командасының өкілі. Бұған дейін дәл осы лигада оның бапкері Диас Еренғаипов чемпиондық белбеуді иеленген болатын. Енді шахтерлер қаласында тағы бір NAIZA чемпионы пайда болды.