Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Азат Мақсұм ресейлік ACA лигасына ауысуы мүмкін деген ақпаратқа пікір білдірді.

Файтердің айтуынша, бастапқыда келіссөздер болғанымен, қазіргі таңда ешқандай келісімшартқа қол қойылмаған.

— Басында белгілі бір келіссөздер болғаны рас, бірақ әзірге бұл нақты ақпарат емес. Турасын айтсам, мен әлі ештеңеге қол қойған жоқпын. Иә, ACA лигасына ауысуға қызығушылық бар, алайда қазір бұл өзекті емес. Кем дегенде осы жазда болмайды, — деді Мақсұм.

Сондай-ақ қазақстандық спортшы жаңа лигаға ауыспас бұрын тағы бір жекпе-жек өткізіп, өзін дәлелдегісі келетінін айтты.

— Мүмкін, болашақта жүзеге асар. Бірақ меніңше, ACA-ға өтпес бұрын өзімді тағы көрсетуім керек, тағы бір жекпе-жек өткізіп, жаңа деңгейге шығуым қажет. Келесі жекпе-жектің қай лигада өтетіні де әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, шешімді өзім қабылдаймын, — деп қосты файтер.

Азат Мақсұм қазіргі уақытта ACA лигасына қатысты нақты ақпарат жоқ екенін атап өтті.

Еске салсақ, қазақстандық файтердің ACA-ға ауысуы мүмкін екені туралы ақпарат отандық БАҚ-та 3 маусым күні тараған болатын. Азат Мақсұм 2023-2025 жылдары UFC ұйымында өнер көрсетіп, төрт жекпе-жек өткізді. Оның еншісінде бір жеңіс және үш жеңіліс бар.