АҚШ-тың Оклахома штатында UFC Fight Night 281 турнирі өтті. Кештің басты кездесуінде орта салмақтағы бұрынғы UFC чемпионы Дрикус дю Плесси жартылай орта салмақтың экс-чемпионы Камару Усманды айқын басымдықпен жеңді.

Бес раундқа созылған жекпе-жекте дю Плесси қарсыласынан барлық компонентте басым түсіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (50-45, 49-46, 49-46) жеңіске жетті. Осылайша оңтүстікафрикалық файтер өткен жылы Хамзат Чимаевтан айырылып қалған чемпиондық белбеуді қайтаруға тағы бір қадам жақындады.

Жекпе-жектен кейін дю Плесси октагондағы сұхбатында келесі мақсаты чемпиондық атақты қайтарып алу екенін айтып, титулдық мүмкіндік күтетінін жеткізді.

Кештің қосалқы басты айқасында британдық Кристиан Лерой Данкан тәжірибелі Джаред Каннонирді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (29-28, 30-27, 30-27) жеңіп, UFC-дегі бесінші жеңісіне қол жеткізді.

Турнир барысында Чейз Хупер, Томми МакМиллен, Фелипе Франко, Ричард Харрис және Диони Барбоса қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңіп, жарқын жеңістерге қол жеткізді.