Бұрынғы UFC жауынгері Дамир Смағұлов Palm Athletes подкастында Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын ресми түрде растады.

«Мен мұны ұзақ күттім. Енді ресми түрде Қазақстан Республикасының азаматымын. Алда Азия ойындары болуы мүмкін, соған дайындаламыз», – деді Смағұлов.

2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарының бағдарламасына тарихта алғаш рет аралас жекпе-жек (ММА) енгізілді. Енді Смағұловқа Қазақстан құрамасының сапында осы додада бақ сынауға мүмкіндік туып отыр.

Еске салайық, 35 жастағы спортшы соңғы рет 2025 жылдың мамырында Alash Pride FC турнирінде өнер көрсетіп, бразилиялық Алан Патрикті техникалық нокаутпен жеңген болатын. Кейін джиу-джитсу турнирінде ауыр жарақат алып, уақытша үзіліс жасауға мәжбүр болды.

Смағұлов 2018-2023 жылдар аралығында UFC-де жеті жекпе-жек өткізіп, бесеуінде жеңіске жетті. Ол UFC-де жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық файтер ретінде тарихқа енді.