Ташкентте өткен Octagon 91 турнирінде Саят Әбуәлі өзбекстандық Асадбек Саидовпен жекпе-жек өткізді. Қазақстандық спортшы қарсыласын екінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді.

Бұл жеңістің арқасында «Аватар» Octagon лигасының жеңіл салмақтағы чемпиондық атағын сәтті қорғап, кәсіби рекордын 10 жеңіске жеткізді. Осылайша, ол мансабындағы 10 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, жеңіліссіз сериясын жалғастырып келеді.

Енді Саят Әбуәлі уақытша чемпион атанған тәжікстандық Фазлиддин Мадрахимовпен кездеседі. Бұл жекпе-жекте Octagon лигасының жеңіл салмақтағы абсолютті чемпионы анықталады.

Фазлиддин Мадрахимов соңғы жекпе-жегін маусым айында өткізген. Сол кездесуде ол өзбекстандық Мухиддин Мамажоновты төртінші раундта мерзімінен бұрын жеңген.

Осылайша, Саят Әбуәлі мансабындағы ең маңызды жекпе-жектердің біріне шығуы мүмкін.