Қазақстандық файтер Азат Мақсұм октагонға сәтті оралды. Алматыда өткен NAIZA 85 турнирінде ол Иран өкілі Али Юсефимен кездесіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Жекпе-жек екінші раундтың 2:46 минутында шынтақ соққыларынан кейін тоқтатылды.
Бұл Мақсұмның шамамен бір жылдық үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жегі болды. Сонымен қатар қазақстандық спортшы NAIZA промоушеніне алты жылдан кейін қайта оралды. Ол бұған дейін лигада 2020 жылы өнер көрсетіп, NAIZA 25 турнирінде Альберт Акмаевты төрешілер шешімімен жеңген болатын.
Азат Мақсұм UFC-де де бірнеше жекпе-жек өткізді. UFC-дегі кезеңі аяқталғаннан кейін ол мансабын Қазақстанда жалғастыруды шешіп, 2026 жылдың тамызында NAIZA-мен келісімшартқа отырғанын жариялады.
Али Юсефиге қарсы жеңістен кейін 31 жастағы Мақсұмның кәсіби рекорды 16 жеңіс және 3 жеңіліске (16-3) жетті.
Осылайша, UFC-ден кейін елге оралған Азат Мақсұм NAIZA-дағы жаңа кезеңін мерзімінен бұрын жеңіспен бастады.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!