NAIZA 85 турнирінің басты жекпе-жегі бірінші раундта аяқталды. 70 кг салмақта Мири Садыгов Жансерік Жақсығұлұлын нокаутқа түсіріп, NAIZA лигасының жаңа чемпионы атанды. Жекпе-жек небәрі 85 секундқа созылды.
Бұл кездесудің алдында да күтпеген жағдай орын алған еді. Ресми салмақ өлшеу рәсімінде Жансерік Жақсығұлұлы 70 кг салмақ дәрежесінің лимитіне сыймай, чемпиондық белбеуінен айырылды. Соған қарамастан Мири Садыгов жекпе-жекті өткізуге келісім берді.
Осыған байланысты чемпиондық белбеу тек Садыгов үшін сарапқа салынды. Егер Жақсығұлұлы жеңіске жеткен жағдайда, титул вакантты болып қалар еді. Сондай-ақ Жансерік гонорарының 50 пайызын қарсыласына беруге міндеттелді.
Бастапқыда бұл кездесу Жақсығұлұлы үшін чемпиондық белбеудің алғашқы қорғауы болуы керек еді. Ол титулды NAIZA 82 турнирінде Майке Линаресті бес раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп иеленген болатын.
Мири Садыгов та NAIZA 82-де өзін жарқын қырынан көрсеткен. Ол жекпе-жекке қысқа мерзімде шығып, Наби Ашурлаевты бірінші раундта нокаутқа түсірді. Осы жеңістен кейін Садыгов чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігіне ие болды. Жақсығұлұлына қарсы титулдық айқас оның NAIZA-дағы небәрі екінші жекпе-жегі болды.
Осылайша, Мири Садыгов Жансерік Жақсығұлұлын бірінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, NAIZA лигасының 70 кг салмақтағы жаңа чемпионы атанды.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!