Джошуа Ван UFC чемпионы мәртебесін сақтап қалды. UFC 331 турнирінің басты жекпе-жегінде 24 жастағы файтер бұрынғы чемпион Александр Пантожамен реванш өткізіп, бес раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Төрешілер жекпе-жекті 49-46, 49-46 және 50-45 есебімен Ванның пайдасына бағалады.
Бұл олардың екінші кездесуі болды. Алғашқы айқас UFC 323 турнирінде небәрі 26 секундқа созылған: Пантожа қолынан жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмағаннан кейін Ван техникалық нокаутпен жеңіп, UFC чемпионы атанған еді. Сондықтан екінші кездесу екі файтер үшін де ерекше маңызға ие болды.
Ван чемпион атанғаннан кейін белбеуін алғаш рет жапониялық Татсуро Тайраға қарсы қорғады. Ол жекпе-жекте қиын сәттерден шығып, бесінші раундта Тайраны соққылармен тоқтатты. Енді Пантожаны жеңгеннен кейін Джошуа Ван чемпиондық белбеуін екінші рет сәтті қорғап отыр.
57 кг салмақтағы чемпиондық бәсекеде келесі маңызды есімдердің бірі — Манел Капе. Қазіргі UFC рейтингінде ол №2 орында тұр және соңғы тоғыз кездесуінің сегізінде жеңіске жеткен. Ван – Капе жекпе-жегі дивизиондағы ықтимал чемпиондық кездесулердің бірі ретінде бұған дейін де аталған.
Ал Асу Алмабаев ше?
Қазақстандық Асу Алмабаев та чемпиондық белбеуге біртіндеп жақындап келеді. UFC-дің қазіргі ресми рейтингінде ол аса жеңіл салмақта №5 орында тұр. Оның алдында Пантожадан бөлек Манел Капе, Брэндон Ройвал және Татсуро Тайра орналасқан.
Асу UFC-дегі соңғы үш кездесуінде қатарынан жеңіске жетті. Соңғы жекпе-жегінде Чарльз Джонсонды сирек кездесетін Suloev stretch әдісімен жеңіп, UFC-дегі көрсеткішін сегіз жекпе-жекте жеті жеңіске жеткізді. Оның UFC-дегі жалғыз жеңілісі Манел Капеге қарсы кездесуде тіркелген.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!