Темиров (20-2) Каванамен (10-2) Абу-Дабидегі Etihad Arena аренасында өтетін турнирдің негізгі кардында кездеседі. Өзбекстандық спортшы UFC ұйымында үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

Рамазан алдағы жекпе-жекке бұрын чемпиондық белбеуге үміткер болған Стив Эрцегті мерзімінен бұрын жеңгеннен кейін шығады. Темировтың мансабында бірінші раундта аяқталған 13 жеңіс бар.

Жауынгердің келесі мақсаты — UFC-дің ең жеңіл салмағындағы қазіргі чемпионы Джошуа Ванмен кездесіп, чемпиондық белбеуге таласу. Ван 2027 жылдың басында Манел Капеге қарсы титулын қорғауы мүмкін. Ал Темиров чемпиондық жекпе-жекке үміткерлер қатарына қосылуға ниетті.

«Джошуа Ван — тұрып жұдырықтасқанды ұнататын файтер. Менің ойымша, екеуіміздің жекпе-жегіміз қызықты өтеді. Қарсыласымның кім екені маңызды емес, мен әрдайым дайынмын. Өз дивизионымда менен басым түсетіндей аса қауіпті қарсылас бар деп ойламаймын. Сондықтан Ванмен жекпе-жек өткізу қисынды болар еді деп есептеймін», — деді Темиров.

Дегенмен, Рамазан алдымен Лонер Каванадан айласын асыру керек. Өзбекстандық файтердің айтуынша, ол бұл жекпе-жекті өзі сұраған. Кавана соңғы кездесуінде жақсы өнер көрсетіп, рейтингте Темировтан жоғары орналасқан.

«Мен өзім сұраған жекпе-жекті алғаныма қуаныштымын. Кавана соңғы кездесуінде жақсы өнер көрсетті және рейтингте менен жоғары тұр. Сондықтан оны қарсылас ретінде таңдадым. Екеуіміз де тұрып жұдырықтасу шеберлігімізді көрсете аламыз деп ойлаймын. Алдыңғы жекпе-жегімдегідей бар күшімді саламын. Көп сөз айтқым келмейді, жанкүйерлерге әдемі жекпе-жек сыйлауға тырысамын», — деді жауынгер.

Каванаға қарсы жеңіс Рамазан Темировтың чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігін арттырып, оны Джошуа Ванмен кездесуге жақындата түсуі мүмкін.