Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бекзат Алмаханның бапкері Қанат Рахимов 27 маусымда Әзербайжан астанасы Бакуде өткен UFC Fight Night турниріндегі шәкіртінің жеңілісіне қатысты пікір білдірді.

Маманның айтуынша, Алмахан жекпе-жекті жақсы бастағанымен, соңғы раундта белсенділігін арттырып, жеңісті өз пайдасына шешуге мүмкіндігі болған.

«Соңғы раундта көбірек жұмыс жасау керек еді. Бірінші раундта жақсы өнер көрсетті, соққысын дәл тигізіп, қарсыласын нокдаунға түсірді. Сол қарқынын жалғастырып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтау керек еді. Үшінші раундты да жақсы бастады, бірақ соңында не болғанын білмедім, шаршап қалған сияқты. Сол раундта жақсы жұмыс жасағанда, төрешілердің шешімі басқаша болуы мүмкін еді», – деді Рахимов.

Бапкер бұған дейінгі жеңілістердің спортшының психологиялық дайындығына әсер етуі мүмкін екенін де атап өтті.

«Кез келген жеңіліс адамға ауыр тиеді. Жеңілістен кейін қайта айқасқа шыққанда, ол белгілі бір деңгейде психологиялық жүк болады. Тағы да қайталануы мүмкін деген қорқыныш пайда болады. Мүмкін, бұл оған да әсер еткен шығар, нақты айта алмаймын. Бұрын жекпе-жекке ерекше аштықпен шығатын еді, бұл жолы сол көңіл күйі болмаған сияқты. Оның үстіне салмақ қуу кезінде де аздаған қиындықтар болды», – деді бапкер.

Сонымен қатар, Қанат Рахимов бұл жекпе-жек Бекзат Алмаханның UFC ұйымымен жасасқан қазіргі келісімшарты бойынша соңғы айқасы болғанын мәлімдеді.

«Бұл оның келісімшарт бойынша соңғы жекпе-жегі. Ұзарта ма, жоқ па, әзірге білмейміз. Осыған дейін осындай нәтижелер көрсеткен файтерлермен келісімшартты ұзарту өте сирек кездеседі. Егер соңғы жекпе-жектерің тартысты, даулы өтсе ғана келісімшартты ұзартып қалуы мүмкін. Қалай болатынын уақыт көрсетеді», – деді Рахимов.

Осылайша, Бекзат Алмаханның UFC ұйымындағы болашағы әзірге белгісіз күйде қалып отыр. Оның әлемдегі ең беделді ММА промоушенімен келісімшартты ұзартатыны немесе ұйымнан кететіні алдағы уақытта белгілі болады.

Қанат Рахимовтың толық сұхбатын ALYPSOK YouTube арнасынан көре аласыздар.