АҚШ президенті Дональд Трамп UFC басшысы Дана Уайтты Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындау туралы айтқан сөзінің мән-жайын түсіндірді.

Трамптың айтуынша, ол журналистермен әңгімелесіп тұрған кезде көптен бергі досы Дана Уайтты жаңа баспасөз хатшысы ретінде атаған. Алайда оның әзіл ретінде айтқан сөзі бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы ұсыныс ретінде тараған.

«Баспасөз үшін өте сәтсіз күндердің бірі болды. Сол кезде неге екенін білмеймін, ойыма Дана Уайт келді. Мен оны көптен бері танимын. Журналистерге оны жаңа баспасөз хатшым ететінімді айттым. Шын мәнінде, әзілдеген едім», – деді Трамп.

Кейін АҚШ президенті Дана Уайтқа көпшілік алдында тікелей сұрақ қойды.

«Дана, Америка Құрама Штаттарының баспасөз хатшысы болғың келе ме? Әлде осы UFC-де қала бергің келе ме?» – деді ол.

UFC басшысы ұсынысқа сыпайы жауап берді.

«Ұсынысыңызға рақмет, мырза. Бірақ мен саясатпен айналысқым келмейді», – деді Уайт.

Бұған Трамп «Мұны естігеніме қатты қайғырдым!» деп әзілмен жауап беріп, әңгімені аяқтады.

Айта кетейік, Трамп пен Дана Уайтты көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. UFC басшысы бұған дейін де Трампқа ашық қолдау білдіріп келген.