Моралес әлеуметтік желіде Рахмоновтың ирландиялық Иэн Мачадо Гэрримен болған жекпе-жегін көріп отырған видеосын жариялады. Кадрда эквадорлық спортшы экрандағы қазақстандық файтердің тегіне камераны жақындатып, кейін камераны өзіне аударады. Бұл оның «Номадпен» октагонда кездесуге ниетті екенін білдіргендей болды.
Қазіргі уақытта Майкл Моралес UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесінің ресми рейтингінде үшінші орында тұр. Кәсіпқой мансабында ол 19 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, оның 14-ін нокаутпен аяқтаған. UFC аясында эквадорлық жеті рет октагонға шығып, әлі жеңіліс көрген жоқ.
Моралестің соңғы жекпе-жегі 2025 жылғы 15 қараша Нью-Йоркте өткен UFC 322 турнирінде өтті. Оның қарсыласы дивизионның үздік файтерлерінің бірі Шон Брэди болған. Эквадорлық спортшы бірінші раундтың 3:27 минутында америкалықты соққылар сериясымен тоқтатып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осы жеңістен кейін Моралес чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің қатарына қосылды.
Шавкат Рахмонов та кәсіпқой мансабындағы мінсіз көрсеткішін сақтап келеді — 19 жекпе-жекте 19 жеңіс. Қазақстандық файтер соңғы рет 2024 жылғы 7 желтоқсанда UFC 310 турнирінде октагонға шығып, Иэн Мачадо Гэрриді бес раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын. Бұл «Номадтың» мансабындағы алғаш рет мерзімінен бұрын аяқталмаған жекпе-жек болды.
Қазіргі уақытта Рахмонов тізесіне жасалған қайта операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін жалғастырып жатыр. Оның менеджері Даниэль Рубенштейннің айтуынша, оңалту үдерісі тоғыз-он айға созылуы мүмкін. Сондықтан қазақстандық файтер 2026 жылдың басым бөлігін өткізіп алуы ықтимал. Шавкаттың октагонға нақты қашан оралатыны әзірге жарияланған жоқ.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!