Қазақстандық грэпплер Азамат Бақытов Шавкат Рахмонов толық жаттығуға оралғаннан кейін онымен бірге дайындалып, күрес жағынан көмектесетінін мәлімдеді.

Бұл туралы Бақытов MMAVestnik-ке берген сұхбатында айтты.

«Шавкат қазір қалпына келу процесінде. Өздеріңіз білесіздер, оның жарақаты бар. Өзі 1,5-2 айдан кейін толық жаттығуды бастайтынын айтқан болатын. Сол кезде Шавкатқа барып көмектесеміз. Осы бойынша ақылдасып, сөйлескен болатынбыз. Жарақатынан айыққан бойда, біз барып күрес жағынан көмектесетін боламыз», — деді Бақытов.

Оның айтуынша, Рахмонов қазір күштік жаттығулар жасап, бокспен айналысып, қалпына келу үстінде.

Сонымен қатар Азамат Шавкаттың шамамен жылдың соңына қарай октагонға қайта оралуы мүмкін екенін айтты.

«Қазір ол темір көтеріп, бокспен айналысып, қалпына келу үстінде. Шамамен жылдың соңында оның айқасын көріп қаламыз деген үміттеміз», — деді ол.

Бақытов Рахмоновпен жеке кездескеннен кейін оның мансабын жалғастыруға деген ниеті әлі де жоғары екенін байқағанын жеткізді.

«Басында онымен кездеспей тұрып, жаңалықтарды естіп, мансабы шынымен аяқталды деп ойлаған едім. Бірақ кеше кездесіп, сөйлесіп, көзбен көргеннен кейін оның әлі де көзінде оты жанып тұрғанын, төбелесуге ниетті екенін байқадым. Әлі де атары бар. Сондықтан біз соны күтіп жүрміз», — деді Азамат.

Айта кетейік, Азамат Бақытов UFC BJJ лигасында өнер көрсетеді. Әзірге ол ұйымда бір белдесу өткізіп, кездесу тең нәтижемен аяқталған. Бұған дейін Бақытов Nomad Wrestling лигасының екі дүркін чемпионы атанған еді. Сонымен қатар ол ММА-да жеңіліссіз келе жатыр. Қазіргі таңда спортшы негізгі назарын грэпплинг пен күреске аударған.